ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру ұшін ауыл тұрғындарына кәсіби тексерудің жаңа пакеттерін енгізуде

25.04.2022

«Қалалық және ауылдық тұрғындар арасындағы медициналық қызметтердің қол жетімділігіндегі дисбалансқа және ауылдық жерлерде сақтандырылмаған азаматтардың көп болуына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі ауыл тұрғындары үшін профилактикалық тексерулердің жаңа пакеттерін енгізуді қарастыруда», — деп хабарлады бүгін ОКҚ брифингінде медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Күләйім Біржанова.
«Ауыл тұрғындарын профилактикалық тексеруден өткізу үшін 18 жастан бастап жаңа мақсатты топтарды анықтау арқылы халықты қамтуды арттыру қарастырылған. Бұған дейін жастар 30 жастан 70 жасқа дейінгі скринингтік зерттеулермен қамтылмаған болатын», — деп хабарлады МКҰД директорының орынбасары.
Оның айтуынша, кәсіби тексерулерді жүргізу үшін 4 мақсатты топ анықталды: «Жастар» 18-29 жас аралығында, «Еңбек – 1» 30-44 жас аралығында, «Еңбек – 2» 45-65 жас аралығында және «Зейнеткер» 66 жастан жоғары.
Профилактикалық тексеру жүргізу үшін клиникалық-диагностикалық қызметтер тізбесі кеңейтілді, мысалы, қан мен несепті жалпы клиникалық зерттеулер енгізілді, глаукоманы ерте сатысында анықтау үшін Еңбек – 1 нысаналы тобында 30 жастан бастап көзішілік қысымды зерттеуді бастау көзделген. Жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды, қуықасты безі, асқазан-ішек жолы органдары мен бүйрек ауруларын ерте анықтау мақсатында жаңа зерттеулер енгізілді.
Бұдан басқа, өзгерістер мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларды, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының оқушыларын қоса алғанда, халықтың нысаналы топтарын профилактикалық медициналық қарап-тексеруді жүргізу қағидаларына, көлеміне және мерзімділігіне қатысты болады.
Ведомство өкілі атап өткендей, бүгінгі таңда бұйрықтарды өзектендіру, жаңа НҚА әзірлеу және жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда.
Қ.Біржанова ел халқына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі алғашқы буындағы әмбебап, интеграцияланған, әлеуметтік бағдарланған, қолжетімді және сапалы медициналық көмекті дамытуды көздейтін МСАК-ты одан әрі дамыту шараларын қарастырғанын еске салды.

Accessibility