Онжылдық перспективалары: ұлттың жаңа игілігі

28.02.2019

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVIII кезекті съезінде сөйлеген сөзі.

Құрметті делегаттар және съезд қонақтары! Қадірлі партияластар!

Баршаңызды «Нұр Отан» партиясының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

1999 жылғы 1 наурыз егемен еліміздің жылнамасына партиямыздың негізі қаланған күн ретінде енді.

Тарих өлшемімен қарағанда бұл – көп уақыт емес, бірақ біз үшін тұтас дәуірге бара-бар.

Ғасырлар тоғысындағы күрделі экономикалық жағдай тез арада дұрыс таңдау жасауымызды талап етті.

Тәуелсіздігімізді нығайтып, мықты мемлекет құру үшін бізге батыл әрі маңызды реформалар жасау керек болды.

Әйтпесе, өркениет жолына бастайтын әлемдік даму көшінен қалып қоятын едік.

Осындай ұлы мақсатты көздеген «Нұр Отан» партиясы халықтың сенімін ақтап, орнықты ілгерілеуімізді қамтамасыз ететін бірден-бір саяси күшке айналды.

Сындарлы жылдарда жанымнан табылып, биік белестерді бағындыруға атсалысқан партияластарыма алғысымды білдіремін.

Мен бүгін өздеріңізбен бірге атқарған жұмысымызды қорытындылап, болашақ бағдарымыз туралы ой бөліссем деймін.

Ең алдымен, қол жеткізген жетістіктерімізді айшықтайтын нақты фактілерге тоқталайын.

Еліміздің экономикасы айтарлықтай өсті.

Сыртқы сауда айналымының көлемі 9 еседен астам артты.

Қазақстанға шетелден 320 миллиард долларға жуық тікелей инвестиция тартылды.

Азаматтарымыздың кірісін 16 есе көбейттік.

141 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды.

Бүкіл елімізде әлеуметтік маңызы зор жаңа инфрақұрылым нысандары бой көтерді.

1 400 заманауи аурухана, емханалар мен амбулаториялар, 2 865 жаңа мектеп, колледждер мен балабақшалар ашылды.

Мұның бәрі – бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі.

«Нұр Отан» мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға ықпал етіп, сайлаушылардың сенімін ақтап келеді.

IMG-20190228-WA0007

Accessibility