Азаматтардың МӘМС үшін төлеген ақшасы қайда кетеді?

08.08.2023

Менің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандаруға аударған жарналарым қайда, Қорға қанша ақша жиналды, емханаға бармасақ ақшаларымыз күйіп кете ме?
Бұл сұрақтар әлеуметтік желіде жиі қойылады.
МӘМС жүйесі 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанына және оны енгізу туралы ақпарат үнемі жарияланып тұрғанына қарамастан, азаматтардың көпшілігі әлі күнге дейін жарналар мен аударымдар қайда кететінін аңғармайды. Бұл сауалдарға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жауап берді.
МӘМС жүйесі медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, қаржыландыру тапшылығын төмендету қажеттілігіне байланысты енгізілген. Егер 2019 жылы денсаулық сақтау саласына 1,03 трлн теңге бөлінген болса, 2023 жылға қазірдің өзінде 2,5 трлн теңге қарастырылған. Бұл көрсетілетін медициналық қызметтердің санын ұлғайтуға мүмкіндік берді, соған сәйкес, азаматтардың көпшілігі барынша медициналық көмекке жүгіне алады.
МӘМС үшін ақша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына түседі ме?
Көптеген адамдар МӘМС төлемдері Қорға түседі және ол қаражатқа өз қалауы бойынша жұмсайды деп қателеседі. Жарналар мен аударымдар Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіндегі арнайы шотқа түседі (яғни, тікелей Қорға емес), олар басқа мақсаттарға жұмсалынбайды.

Жарналар қайда кетеді?
Ұлттық банктегі арнайы шоттан бұл қаражат медициналық ұйымдарға – Қордың жеткізушілеріне – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілген медициналық қызметтерге төлем ретінде жіберіледі
Яғни, сақтандырылған азаматтар МӘМС тізбесіне енгізілген барлық қажетті медициналық көмекті денсаулық көрсеткіштері бойынша тегін алады, олар үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді.
Мысалы, 2022 жылы МӘМС шеңберінде көрсетілген медициналық көмекке шамамен 836 млрд теңге жұмсалды.

Accessibility