ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюге Қазақстанға келді
Бүгін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюгенің Қазақстанға үш күндік ресми сапары басталды, оның шеңберінде денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятпен кездесу өтті.
ДДҰ Еуропалық бюросы басшысының сапарының мақсаты ДДҰ Еуропалық бюросы мен Қазақстан серіктестігінің қорытындысын шығару, сондай-ақ ДДҰ-ның Қазақстандағы медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі алғашқы демонстрациялық платформасын ашу.
С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде тараптар Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында өтетін алдағы кездесулердің күн тәртібін, сондай-ақ МСАК саласын нығайту бөлігіндегі Қазақстан мен ДДҰ ынтымақтастығы мәселелерін талқылады.
«Бірінші кезекте, Ханс Клуге мырза, сіз, Еуропалық өңірлік бюроның директоры, ДДҰ-ның МСАК жөніндегі кеңсесіндегі біздің әріптестеріміз арқылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жүздескенімізге қуаныштымыз және МСАК жүйесіндегі озық практикаларды көрсету үшін үздік алаң ретінде Қазақстанды таңдағандарыңыз үшін алғыс білдіруге рұқсат етіңіз. Ертең Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы ауылдық денсаулық сақтау нысанын көрсетеміз», — деді министр кездесу басында.
Бүгін Алматыда бізді көптеген оқиғалар, маңызды кездесулер күтіп тұр, студенттермен кездесу алда және олар үшін бұл денсаулық сақтау саласының қайда бағытталатыны өте қызықты, — деп жалғастырды қазақстандық денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Өз кезегінде, ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюге Қазақстан Үкіметі мен ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының арасындағы айрықша ынтымақтастықты атап өтті.
Доктор Ханс Клюге демонстрациялық платформа үлгісінде, әсіресе ауылдық денсаулық сақтауда МСАК-тың үздік тәжірибелерін ілгерілету жөніндегі Қазақстанның күш-жігеріне өзінің таңданысын білдірді.
«Адамдар тұратын жерде денсаулық сақтау қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету өте маңызды. Бұл денсаулық сақтаудың жаңа дәуірі, ол тұрақты даму мақсаттарына және ДДҰ Еуропалық бағдарламасына өте жақын», — деді Еуропалық ДДҰ басшысы.
Айта кететін жайт, іс-шараға делегация құрамында бірқатар жоғары лауазымды қонақтар қатысты, атап айтқанда ДДҰ-ның Қазақстандағы өкілі доктор Каролин Кларинваль (Caroline Clarinval), ДДҰ Еуропалық орталығының медициналық-санитарлық алғашқы көмек жөніндегі Кеңсесінің Басшысы Мелитта Якаб (Melitta Jakab), Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері қатысты.