Дәрігерлерге алғыс
Тамыз айының басында Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық ауруханаға түсіп, күрделі ота алдым. Білікті дәрігерлердің арқасында ота сәтті өтіп, өмірге қайта келгендей болдым.
Соңғы жылдары ағзамдағы өт пен бауыр тұсы жиі ауыра бастады. Ультра дыбыстық зерттеу кезінде ақ халаттылар өттің толып тұрғанын әрі тас бар екенін айтып, алғызып тастауға кеңес берді. Балаларыммен ақылдасып, қорықсам да күрделі ота жасауға келістім. Пышақтың астына өз еркінмен жату оңай емес қой.
Облыстық ауруханаға жоспарлы негізде түсіп, қажетті медициналық сараптамаларды тапсырдым. Ертеңінде ота жасады. Ақ халаттылар бауыр жанындағы өтті алып тастады. Жасым 70-ке жақындағандықтан наркоздан ес жиған кезде аздап қиналдым. Бірақ дәрігерлер мен медбикелердің жылы жүзі, мейірімінің арқасында аяғыма тез тұрдым. Қызметкерлер әр науқасқа баласы сияқты жайдары жүзбен қарайды. Сырқат адамға мейірімнің өзі күш сыйлайды ғой. Санитарлар да бөлме ішін тазалап жүргенде ақ тілектерін айтып, науқастарға шабыт береді.
Зейнеткер әрі емделуші ретінде облыстық аурухана басшысы Арман Мұсабековке, өзім ем қабылдаған хирургия бөлімшесінің меңгерушісі А.В. Смирновқа, ота жүргізген, емдеген дәрігер В.Л.Куликовқа аналық жүргеіммен алғыс айтамын. Сонымен қатар, баладай күткен медбикелер мен еден жуушылар, аспаздарға ризалығымды жеткіземін. Ауруханадағы мамандардың жұмысы ауыр. Тынымсыз еңбекте жүреді. Мен жатқан 3-4 күннің ішінде жүздеген адамға ота жасалды десем, қателеспеймін. Бірі ауруханадан шығып жатса, екіншісі келіп орналасады. Ауруханадағы тіршілікті көріп, дәрігерлердің еңбегіне қайран қалдым. Басымды идім!
Ақ халатты абзал жандардың еңбегіне табыс, қолдарына дерт бермесін деймін!
Сұлушаш Жұмаділова,
Павлодар қаласының тұрғыны.
Лицензия 00986DS