Жедел ішек инфекциясын қалай жұқтырмауға болады?

16.06.2022

Жедел ішек инфекциясы аурулары – жаз мезгілінде (жыл сайын дәстүрлі түрде) болатын аурулар арасындағы «көшбасшы» болып табылатын инфекциялық ауру. Ауырғандардың негізгі үлесін, атап айтқанда, 60-70%-ын балалар құрайды. Жыл сайын ДДҰ-ның деректері бойынша әлемде 1-1,2 млрд. диареялық аурулар тіркеледі және шамамен 5 млн-ға жуық бала ішек инфекцияларынан және олардың асқынуларынан қайтыс болады.

Қазақстанда соңғы 10 жылда тұрғындар (халық) арасында сырқаттанушылықтың тұрақты түрде 2,9 есеге төмендегені байқалады. Алайда, өткен жылмен салыстыратын болсақ 23 %-ға өсім бар екендігін байқауға болады.

Жедел ішек инфекцияларымен аурудың күрт өсуі жазғы кезеңге тән, бұл — жоғары температурада қоздырғыштардың белсенді көбеюіне, жуылмаған жемістер мен көкөністерді жеуге, сондай-ақ инфекция тасымалдаушыларының болуына ықпал етеді. Сонымен қатар, микроорганизмдердің көбеюіне жарамдылық мерзімі аз (қысқа мерзімді) өнімдерді сақтау шарттарын дұрыс сақтамау да ықпал етеді.

Аурудың негізгі белгілері: әлсіздік, қызба, жүрек айну, құсу, диарея, іштің ауыруы болып табылады.

Эпидемиологиялық зерттеулердің талдауы көрсеткендей, аурулардың негізгі себептеріне көбінесе ата-аналардың жас балаларды тамақтандыру және олар үшін тамақ дайындау кезінде жеке гигиенаның қарапайым ережелерін, азық-түліктің сақтау мерзімдері мен шарттарын, емшек сүтімен емізу кезінде ананың жеке гигиенасын сақтамау жатады.

Ішек инфекциясы су арқылы, яғни қайнамаған суды ішкен кезде, сондай-ақ ашық су айдындарында жүзу кезінде ағзаға су кіргенде жұғуы мүмкін.

Жедел ішек инфекцияларының алдын алу көбінесе жеке гигиена ережелерін қатаң сақтауға байланысты. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарды мынадай ережелерді сақтауға шақырады:

— үйге барған кезде тамақ ішер алдында, тамақ әзірлер алдында, дәретханадан кейін, бірден қолды мұқият сабынмен тазалап жуу қажет;

— тамақ инфекция көзі ретінде қызмет етпеуі үшін, тек қана жаңа піскен өнімдерді пайдаланып, етті, балықты, жұмыртқаны жақсылап қайнату керек;

— өнімдерді (шикі және қайнатылған көкөністер мен ет) кесіп-бөлу үшін бөлек кесу тақтайларын пайдаланыңыз;

— тағам өнімдерін дұрыс сақтау (тоңазытқышта) керек, егер пісірілген тағамдар келесі күнге қалса, оларды пайдаланар алдында термиялық өңдеуден өткізу қажет;

— тез бұзылатын өнімдерді тоңазытқыштарда рұқсат етілген жарамдылық мерзімі ішінде сақтау керек;

— су мен сүтті қайнағаннан кейін ғана ішу қажет;

— көкөністер мен жемістерді, көк шөптерді ағынды сумен мұқият жуып, содан кейін қайнаған суға бір салып алу керек;

— арнайы бөлінген жерлерде ғана (демалыс орындары) суға шомылу қажет.

Алғашқы дімкәстік (әлсіздік секілді) белгілері пайда болған кезде, өз-өзіңізді емдеумен айналыспай, дәрігерге жүгініп ем қабылдағаныңыз жөн.

Есіңізде болсын, қарапайым алдын алу шараларын сақтау арқылы аурудың алдын алу оңайырақ болады!

Accessibility