Жыныс жолдары арқылы жұқтырылатын инфекциялар — Ауру қалай басталады?
Жыныс жолдары арқылы жұқтырылатын инфекциялар (ЖЖЖИ) – бұл бір адамнан екінші адамға жыныстық (сексуалдық) қатынас жасау барысында жұқтырылатын аурулар тобы.
Қазіргі кезде, жыныс жолдары арқылы жұқтырылатын инфекцияларға белгілі венериялық (мерез, соз) аурулардан басқа хламидиоз, трихомониаз, сүйірұшты кондиломдар, гениталдық ұшық және тағы басқа да аурулар жатқызылады.
ЖЖЖИ қауіптілігі неде?
Егер емдеу дұрыс жүргізілмесе, онда көптеген ЖЖЖИ, қайталамалы түрде, ұзақ уақытқа созылады әрі көп жағдайларда асқынып: бедеулік, простатит, жыныс органдарының онкологиялық аурулары сияқты дерттерге душар етеді.
Ауру қалай басталады?
ЖЖЖИ жұқтырғаннан кейінгі аурудың алғашқы белгілері мынандай болуы мүмкін:
– Жиі әрі ауырсына зәр шығару
– Жыныс органдары тұсының қышуы және ашуы
– Жыныс органдарынан өзгеше бөлінділердің шығуы
– Жыныс органдарының немесе артқы тесіктің айналасының қызаруы, бөртуі, жара шығуы.
Жоғарыда айтылған белгілер пайда болған кезде дереу дәрігерге барып тексерілу керек. Алайда, мұндай белгілердің көп жағдайларда білінбеуі де мүмкін, сүйтіп адам, ауру жұқтырып алғанына қарамастан, ешқандай ауру белгілерін сезінбейді.
Тері-венерологиялық диспансерлер мен басқа да медицина мекемелерінде арнайы зерттеу жүргізілгеннен кейін ғана диагноздың анықталуы мүмкін.
ӨЗІН-ӨЗІ ЕМДЕУМЕН АЙНАЛЫСУҒА БОЛМАЙДЫ
Өзіңді ЖЖЖИ-ден қалай қорғауға болады?
– Кездейсоқ қарым-қатынастар жасаудан бас тарту керек
– Мүшеқап қолдану керек
Жеке тазалық тәртібін сақтау керек, тұрмыста тек өзіңнің жеке күтім мен тазалық құралдарын пайдалану керек
Аурудың алдын алу мақсатында жыл сайын маман-дәрігерге барып тексерілу керек
Ауру анықталған жағдайда міндетті түрде жыныстық қатынас жасаушы серігіңмен бірге тексеріліп, емделу керек.
Дұрыс тағайындалған емнен толық емделуге болады.
Бұл ретте, емдеу қаншалықты ерте басталса, тез сауығу мүмкіндігі де соншалықты жоғары болады.
Емдеу курсын толық, тіпті ауру белгілерінің барлығы толық жойылғаннан кейін де өту керек.
Ауруды қайталап жұқтырмау немесе серігіңе ауру жұқтырмау үшін толық емделіп болғанға дейін жыныстық қатынас жасауды тоқтата тұру керек.