Павлодар облысында медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындығы талқыланды

18.12.2019

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары Александр Костюк Павлодар облысы денсаулық сақтау субъектілерінің 2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындығын тексерді.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі жұмыс сапары барысында МӘМС-ті енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу бойынша аймақтық штаб мүшелерімен бірлесіп өңірдің бірқатар медициналық ұйымдарын аралады.  Сапар барысында екі қалалық емхана, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана, облыстық стоматология емханасы, №1 қалалық аурухана мен Ақтоғай аудандық ауруханасы жұмыстарымен танысты.

Александр Костюк сапалы медициналық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған клиникалардың құрылғылармен жабдықталуы мен  жұмыстың ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Ол павлодарлықтардың медициналық сақтандыру жүйесімен толық қамтылып, әр тұрғын өз мәртебесін білуі тиіс екенін атап өтті.

Сондай-ақ, облыстық әкімдікте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі бойынша аймақтық штаб отырысы өтті.   Отырыс басында Александр Костюк халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізудің маңыздылығына тоқталды.

МӘМС-ті енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу бойынша аймақтық штаб мүшелерімен кездесуде денсаулық сақтау министрілігінің өкілі: «Облыстың әр тұрғыны МӘМС туралы хабардар болғаны маңызды. бір де бір адам медициналық көмектен тыс қалмауы үшін өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азаматтармен белсенді жұмыс атқару керек. Қалған уақытты медицина персоналдары және емханалармен жұмысты күшейткен абзал», — деді.

Республика бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген соң, медициналық көмекті қаржыландырудың жалпы көлемі бір жарым есеге артады, яғни 1,569 млрд теңге. Бұдан бөлек, қалпына келтіру мен паллиативті көмекті қаржыландыру көлемі 9 есеге, консультативтік-диагностикалық қызмет  6,5 есеге, стационарды алмастыратын көмек – 2,3 есеге дейін ұлғаяды.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалы директоры Айдар Ситказиновтың айтуынша, Павлодар облысын 57,3 млрд теңгеге  қаржыландыру жоспарлануда. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда  1,3 есеге көп.

Қазақстан бойынша халықтың 95% МӘМС жүйесінде медициналық көмекпен қамтылады деген болжам бар. Павлодар облысында бұл көрсеткіш   90% құрайды.

Әлеуетті жеткізушілердің деректер базасында облыс бойынша 97 денсаулық сақтау субъектісі тіркелген. Біздің облыста тегін кепілдендірілген медициналық көмек аясында 65, оның 32 мемлекеттік, 33 жекеменшік жеткізуші жұмыс істейді. Тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсететін ұйымдар тізімі Қордың fms.kz ресми сайтында жарияланған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген мәлімет бойынша, тұрғындардың 90% шартты түрде МӘМС жүйесінде сақтандырылған. «Шартты сақтандырылмағандар» категориясында облыстың 10% тұрғыны кіріп отыр. Қазір заңсыз жұмыспен қамтылған азаматтарды рәсімдеу жұмыстары аяқталуда.

Сақтандыру медицинасын тиімді енгізу үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері біріктірілуде, медициналық ақпараттық жүйелер енгізілуде, дәрігерлер компьютер техникасымен, ғаламтормен қамтылуда. Қазір Қазақстан бойынша медициналық ұйымдардың 69,7%, ал Павлодар облысы 93,6 % желіге кіру мүмкіндігіне ие.

Айта кету керек, қазақстандықтар 2020 жылы наурыз айының соңына дейін медициналық көмекті екі пакет бойынша алатын болады. Сәуірден бастап тегін пакет еліміздің әр азаматы үшін, ал қосымша пакет – сақтандырылғандарға арналатын болады.

Атап өтер болсақ, кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті минималды стандарттардан тұрады. Оған дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүзеге асырылады. Мұны барлық азаматтар, сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамай пайдалана алады. Көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды қызметтер кіретін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін сақтандырылғандар пайдалана алады. Сондай-ақ, МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді.

«Әлеуметтік медициналық

сақтандыру қоры» КЕАҚ

Павлодар облысы

бойынша филиалы

 

Accessibility