СПИД емделмейді, бірақ аурудың алдын алуға болады
Дүниежүзілік СПИД-пен күрес күні жыл сайын 1 желтоқсанда атап өтіледі. Осы күнді алғашқы рет 1988 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бекітті. Әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған адам бірігіп осы дерттің салдарынан көз жұмған құрбандарды еске алып, алдын алу шараларын насихаттайды.
ВИЧ немесе адам иммун тапшылығы вирусы – иммундық жүйе жасушаларына шабуыл жасайтын вирус. Ол ағзаның қорғаныс жүйесіне жауап беретін T-хелперлерді жойып, олардың орнын өздерінің көшірмесімен толтырады. Вирус қанша көп болса адамның иммунитеті де соншалықты төмен болады. Сондықтан ретровирусқа қарсы терапия қабылдамаған науқас жиі ауыратын болады. Денесінде көк дақтар пайда болып, шыққан жараның жазылуы қиындайды.
«Қазір Павлодар облысында 2078 адам аталмыш індетпен есепте тұр, 304 пациентке диагноз алғаш рет қойылған. Қазақстандықтар тексерудің бұл түрінен тұрғылықты емханасы арқылы аты-жөнін көрсетпей, тегін өте алады. Вирус анықталған жағдайда ең алдымен СПИД орталығына барып тіркелу қажет. Өйткені, ауруды бақылауда ұстаудың маңызы өте зор. Есепте тұрған азаматтар кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде ретровирусқа қарсы емді тегін ала алады. ВИЧ жұқтырған аналардың балаларына арналған тағамдар мен дәрі-дәрмек тегін беріледі», — деп атап өтті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Ситказинов.
Емделмеген жағдайда ВИЧ жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына, яғни, СПИД-ке ұласып кетеді. Дәрігерлер оны ВИЧ індетінің соңғы стадиясы деп те атайды. Бұл кезеңде иммунитет өздігінен инфекцияға қарсы күресе алмайды. Емделмеген адам үш жылға дейін ғана өмір сүреді.
Жұртшылық арасында ВИЧ секс-индустрия қызметкерлері, гомосексуалистер немесе нашақорлардың ауруы деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Себебі, вирус адам ағзасына қан мен шәует арқылы, ана сүті арқылы да таралуы мүмкін. Ол бір шприцті пайдаланғанда, жыныстық қатынас кезінде немесе босанған кезде анадан балаға жұғады. Оны медицина құралдары дұрыс зарарсыздандырылмаған жағдайда ауруханаларда жұқтыру қаупі де жоқ емес.
ВИЧ жұқтырған науқаспен бір стақаннан су ішкеннен, бір сүлгі пайдаланғаннан немесе сүйіскен кезде ауру жұқпайды. Сондай-ақ, инфекция сілекей арқылы немесе ауа арқылы таралмайды.
Бұл ауру әр кезеңде әртүрлі симптомдарға ие. Вирус жұқтырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқастардың 40-90 пайызы өздерін суық тигендей сезінеді. Денесі дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңып, үсті қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды. Тестердің бәрі болмаса да көпшілігі вирус арқылы бөлінетін антиденелерді анықтай алады. Дегенмен әр жарты жылда немесе жылына бір рет ВИЧ-ке тест тапсыруды әдетке айналдырған жөн.
Иммун тапшылығы вирусын емдеуге болады. Бірақ одан толық айығып кету мүмкін емес. Ретровирусқа қарсы күшейтілген терапияның арқасында вирус жұқтырған пациенттердің өмірін 70-80 жасқа дейін ұзартуға болады. Аталған терапия жасушадағы ақуыздарға әсер ететін ферменттердің қызметін әлсіретеді. Нәтижесінде иммун тапшылығы СПИД-ке айналмайды.
«Әлеуметтік медициналық
сақтандыру қоры» КЕАҚ
Павлодар облысы
бойынша филиалы