Қазақстанда 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетіле бастамақ
Қазақстанда 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетіле бастамақ.
Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті.
ТМККК пакеті азаматтардың бәріне, бюджет есебінен тегін көрсетіледі.
Көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды т.б. қызметтер кіретін МӘМС пакетін сақтандырылғандар пайдалана алады.
МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бізге не қажеті бар? Біздің елде азаматтар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 процентін өз қалтасынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Мұның отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді.