«Қиындықтан — Өзгерістерге» -1 желтоқсанда әлемде Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні

02.12.2025

1 желтоқсанда әлемде Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні аталып өтеді. Биылғы жылдың ұраны — «Қиындықтан — Өзгерістерге».
UNAIDS-тың 2024 жылғы деректеріне сәйкес, әлемде шамамен 40,8 миллион адам АИТВ-мен өмір сүреді. Антиретровирустық терапияға (АРТ) қолжетімділіктің кеңеюі — бүгінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 77 пайызының ем қабылдауы — өлім-жітім мен жаңа инфекциялар санын айтарлықтай азайтты.
Қазір Қазақстанда АИТВ-мен өмір сүріп, АРТ емін қабылдап жүрген адамдардың 93 пайыздан астамында вирус толық басылып, инфекцияны таратпайтын деңгейге жеткен.
АИТВ — созылмалы, бірақ бақыланатын инфекция. Заманауи терапия вирусты анықталмайтын деңгейге дейін төмендетуге, иммундық жүйені қалпына келтіруге және вирустың жыныстық жолмен берілуін толық тоқтатуға мүмкіндік береді. Бұл «Анықталмайтын = Жұқпайтын» (А=Ж) қағидасымен дәлелденген және әлемдік ғылыми зерттеулермен толық расталған. Емді ерте бастаған жағдайда АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың өмір сүру ұзақтығы АИТВ-теріс адамдармен бірдей.
Қазақстан азаматтары АИТВ-ға тестті тегін, анонимді және құпия түрде тапсыра алады. Тексеруден ЖИТС орталықтарында, тұрғылықты жеріндегі емханада, мобильді тестілеу пункттерінде немесе дәріханалардағы экспресс-тестілер арқылы өтуге болады.
Егер нәтиже оң болса, адам медициналық есепке алынып, тегін терапиямен қамтамасыз етіледі. Емді неғұрлым ерте бастаса, нәтиже соғұрлым жақсы болады. АИТВ – үкім емес. Дұрыс ем қабылдаған жағдайда АИТВ-мен өмір сүретін адамдар ұзақ, белсенді және толыққанды өмір сүре алады. Ең бастысы — мәртебеңді білу және денсаулыққа ұқыпты қарау.

Лицензия 00986 DS

Доступность