Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры БАҚ пен әлеуметтік желілерде көтерілетін бірқатар өзекті мәселе бойынша түсініктеме береді.

06.06.2023

1) Біріншісі — жиі қойылатын сұрақтардың дені сақтандырылған адамдарға ұсынылатын медициналық қызметтердің қолжетімділігіне қатысты.
МӘМС жүйесі енгізілгелі бері медициналық көмектің қолжетімділігі айтарлықтай өсті. Мәселен, жүйе іске қосылғанға дейін КТ және МРТ секілді қымбат зерттеулер халықтың 8 әлеуметтік осал санатына ғана қолжетімді болды.
Қазір бұл қызметтер «сақтандырылған» мәртебесі бар кез келген азаматқа қолжетімді. 2019 жылы емханалар арқылы 201 мың КТ және МРТ қызметі көрсетілсе, 2022 жылы көрсетілген қызмет саны 1 млн 400 мыңды құрады. Яғни көрсеткіш 7 есе жоғары.
Сол секілді ересек пациенттер алғаш рет шұғыл емдеуді қажет ететін жүрек-қан тамырлары, неврологиялық, онкологиялық, буын аурулары, жарақаттар секілді дерт түрлерінен кейін оңалту мүмкіндігіне ие болды.
Жалпы, 253 мың ересек адам мен бала МӘМС есебінен стационарларда оңалту шараларынан өтуге мүмкіндік алды. Жыл сайын буын ауыстыру операциялары 4 мыңға көбейді. Бедеулік диагнозымен бетпе-бет келген 7000 ерлі-зайыптыға ЭКО-ны тегін алуға жол ашылды.
МӘМС арқылы көрсетілетін стоматологиялық көмек 5 есе артты. Тегін дәрі-дәрмекпен, соның ішінде сирек кездесетін орфандық ауруларға ұшыраған 3,9 миллион адам өте қымбат дәрі-дәрмекпен қамтылды. Бұрын бұл көрсеткіш 1,5 миллион адамға аз еді.
2) Екіншісі — медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда МӘМС жарнасын қайтару мәселесіне қатысты. Медициналық сақтандыру қоры мұндай тәсіл халықты қаражатының бір бөлігін қайтару үшін ауырып тұрған кезде де медициналық көмекке жүгінбеуге итермелейді деп есептейді. Осының салдарынан жедел, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулар көбейіп, халықтың денсаулығы тым нашарлап кетуі мүмкін. Сонымен қатар күрделі әрі ауыр жағдайдағы ауруларды емдеуге мемлекет кепілдік береді. Бұл мемлекеттік бюджетке қосымша жүктеме түсіреді әрі тікелей салықтарды көбейтуді талап етеді. Халықаралық тәжірибеде мұндай тәсілдер қолданылмайды.
3) Үшіншісі — халыққа медициналық көмек көрсетуден бас тарту мәселесіне қатысты. Қор азаматтардың ӘМСҚ-ның өңірлік филиалдарына жолдаған өтініштерін мониторингілеу деректері бойынша, соңғы кезеңде медициналық көмек көрсетуден бас тартуға қатысты шағымдар түспегенін, медициналық қызмет көрсетушілердің барлығы штаттық режимде жұмыс істейтінін хабарлайды.

Accessibility