Әскери қызметшілер МӘМС үшін төлеу керек пе?
Сақтандырылған мәртебесін алу үшін азаматтар өткен 12 айға немесе алдағы 12 айға жарна төлеуі тиіс. Сондай-ақ, жеңілдік санаттарына кіретін адамдарға мемлекет жарна төлейді. Ал әскери қызметшілер МӘМС төлемдерінен босатылған. Бұл ретте олар МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесін қалай ала алады? Осы жайында толығырақ білу үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеке және заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі департамент директоры Забира Оразалиеваны әңгімеге тарттық.
Әскери қызметшілер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек ала алады. Осы екі пакет шеңберінде көрсетілген медциналық қызметтер бойынша денсаулық сақтау ұйымдарына қаражатты Әлеуметтік медициналық сақтарындыру қоры төлейді.
ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңына сәйкес әскери қызметшілер МӘМС жарналары мен аударымдарынан босатылды, яғни жұмыс берушілер олардың жалақысынан ұстап қалуды жүргізбейді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесінде әскери қызметшілердің мәліметтерін «Адамдарды арнайы есепке алу» ақпараттық жүйесіне ЖСН көрсете отырып енгізілген әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарының қызметкерлері есебінен алады. Олар бойынша деректерді әскери бөлімдердің, әскери басқару органдарының қызметкерлері енгізеді. Қор жүйесінде әскери қызметшінің ЖСН-ы шыққан соң ол автоматты түрде сақтандырылған мәртебесін алады және жарналар мен аударымдарды төлеуден босатылады», – деді Забира Оразалиева.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 50 және 52-баптарына сәйкес, әскери-медициналық мекемелер әскери қызметтен босатылған адамдарға және әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсететін болады. Ол үшін қажетті нормативтік құқықтық база құрылды.
Забира Оразалиеваның айтуынша, әскери-медициналық мекемелер ТМККК тізбесі және МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек аясында тек әскери қызмет атқарып жүрген қызметкерлер ғана емес, сондай-ақ әскери қызметтен босатылған, әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде ауруға шалдыққан, сонымен қатар, 20 және одан да көп жыл еңбек еткен адамдарға, әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне, азаматтық персоналға, медициналық қызметтердің өзге де тұтынушыларына медициналық көмек көрсетеді.
«Әскери қызметшілерге азаматтық денсаулық сақтау желісінде медициналық көмек көрсету елдің барлық халқы сияқты, тіркелген жері бойынша емханада да жүзеге асырылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің отбасы мүшелері, сондай-ақ әскери қызметтен босатылған адамдар тіркелген денсаулық сақтау ұйымдарында амбулаториялық-емханалық көмек алады. Сондай-ақ, әскери-медициналық мекемелер мен тіркелген емханасы арасында бірлесіп орындау шарты болса, учаскелік дәрігер консультациялық-диагностикалық көмек алуға жолдама береді», — дейді Забира Оразалиева.
Айта кетерлігі, осы санаттағы адамдарды әскери-медициналық мекемелерге жоспарлы стационарлық емдеуге жатқызу тіркелген медициналық мекемеде «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы жүзеге асырылады. Шұғыл жағдайларда әрі қатты ауырсыну кезінде емдеуге жатқызу жедел медициналық жәрдем немесе өз бетінше жүгіну бойынша жүргізіледі.