2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда   міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) енгізіледі. МӘМС қатысушысы қалай болуға болады?

27.12.2019

 

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда халықтың, мемлекет пен жұмыс берушілердің ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) енгізіледі.

МӘМС қатысушысы қалай  болуға болады?

Егер сіз немесе сіздің жұмыс беруші әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына үнемі ақша аударатын болсаңыз, онда сіз МӘМС бағдарламасының қатысушысы боласыз. Еңбек қызметін жүзеге асыра алмайтын азаматтар да МӘМС қатысушылары болып табылады (15 санат).

Олар үшін жарналарды мемлекет төлейді:

1) балалар;

2) жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар;

3) жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;

4) 3 жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін тұлға (баланың бір заңды өкілі);

5) бала тууына, бала асырап алуына, 3 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты демалыста отырған тұлғалар;

6) 18 жасқа дейінгі мүгедек баласын күтіп отырған жұмыс істемейтін тұлғалар;

7) зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде мүгедектер және Ұлы Отан соғысына қатысушылар;

8) сот үкімімен жазасын өтеп отырған тұлғалар, қауіпсіздігі төмен мекемелерді қоспағанда

9) тергеу изоляторында жатқан тұлғалар.

10) жұмыс істемейтін оралмандар;

11) «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көп балалы аналар және «Батыр ана» атағы бар аналар, сонымен қатар І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордені иегерлері;

12) мүгедектер;

13) күндізгі оқу бөлімінде оқитын тұлғалар.

14) бала күнінен бірінші топ мүгедегін күтіп отырған жұмыс істемейтін тұлға;

15) Жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде, ал одан әрі МӘМС жүйесінде мамандардың қызметтерін пайдалану үшін пациенттер тіркелген жері бойынша да, тұрғылықты жері бойынша да, бір қала немесе кент шегінде бастапқы медициналық ұйымды таңдай алады.

Адамның медициналық сақтандыру бар-жоғын анықтау үшін медициналық мекеме қызметкерлеріне ЖСН бірыңғай электрондық деректер базасына енгізу жеткілікті. Егер аударымдар жүргізілсе, онда медициналық ұйымға жүгінген адам сақтандырумен ұсынылатын қызметтердің барлық спектрін пайдалануға құқылы. Егер жоқ болса, оған медициналық көмектің кепілді көлемі шеңберінде қызметтер көрсетіледі, ал қалған шығындарды өзі төлейді.

 

Accessibility