ҚР ДСМ онкологиялық көмектің тиімділігін арттыру бойнша жаңа бағдарламаны іске асыруға ниетті

02.03.2023

 

Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанда онкологиялық көмекті жаңғыртудың жаңа бағдарламасын ұсынды.
Онкологиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға қабілетті шараларға көше отырып, А.Ғиният Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсысымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында онкологиялық аурулармен күресудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасы әзірленгенін атап өтті, оған бес бағыт кіреді.
Осы бағыттардың қатарында қауіп факторларының профилактикасы және басқару, жоғары тиімді ерте диагностика, мамандандырылған емдеуді дамыту, паллиативтік көмек және оңалту, кадрлық әлеуетті және ғылымды дамыту бар.
Мәселен, бірінші бағыт шеңберінде соңғы жылдары өлім-жітімнің негізгі себебі болып табылатын өкпе обырын анықтау үшін өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясын енгізудің есебінен онкологиялық скринингтік бағдарламаларды кеңейту көзделіп отыр.
Обырдың жоғары тиімді ерте диагностикасын дамыту бөлігінде МСАК ұйымдары мен онкология орталықтарын жарақтандыру үшін диагностикалық жабдықтарды жаңғырту көзделген, сондай-ақ молекулалық-генетикалық сынақтар мен иммуногистохимиялық зерттеулерді ұлғайту арқылы обырдың әртүрлі түрлерін диагностикалау мүмкіндіктерін кеңейту жоспарлануда.
Мамандандырылған көмекті жақсарту бағытында лапароскопиялық хирургия көбірек қолданылатын болады, 3-D модельдеу және басып шығару жүргізумен реконструктивтік-пластикалық операциялар спектрі кеңейтілетін болады. Жаңа ісікке қарсы дәрілік заттарға қолжетімділікті арттыру мақсатында таргеттік және иммундық-онкологиялық препараттар желісін кеңейту, гендік инженерияны, радиофармацевтикалық препараттарды пайдалана отырып терапияны енгізу бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Паллиативтік көмек пен оңалтуды дамыту шеңберінде онкологиялық пациенттерге арналған жылжымалы бригадалар желісін, инвазивті емес және құрамында морфині бар дәрілік заттар спектрін кеңейту, оңалту көмегі және денсаулық сақтау мамандарын пациенттерді сатылы ауырсыздандыру әдістемесіне оқыту жөніндегі іс-шаралар көзделген.
Жаңғырту бағдарламасы ғылыми және кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған. Онкология, сәулелік терапия бойынша резидентурада орындарды ұлғайту жоспарлануда. Медициналық емес мамандықтар (физиктер, дозиметрлер, химиктер) мамандарын даярлау, оның ішінде әлемнің жетекші онкология орталықтарында біліктілігін арттыру көзделген. Ұлттық ғылыми онкология орталығының базасында 2025 жылға қарай клиникаға дейінгі зерттеулер мен ісік геномы зертханаларын құру көзделген.
Сонымен қатар, Кешенді жоспар шеңберінде 5 өңірде (Алматы қ., Атырау, Алматы, Ұлытау, Жетісу, Ақтөбе облыстарында) жаңа онкологиялық орталықтар салу және Ақтөбе, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында радиологиялық корпус пен операциялық-реанимациялық корпустарды реконструкциялау көзделген. Сондай-ақ, соңғы 3 жылда жаңа онкологиялық орталықтар пайдалануға берілген Маңғыстау, Павлодар және Жамбыл облыстарын қоспағанда, барлық өңірлерде онкологиялық орталықтарға күрделі жөндеу жүргізу көзделген.
Өз сөзінің соңында Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы 2026 жылға қарай Кешенді жоспардың іс-шараларын іске асырудың кейбір нәтижелері туралы хабардар етті.
Негізгілеріне онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің 100 мың халыққа шаққанда 64,9-ға дейін төмендеуі және бүгінгі таңда 55,3% деңгей кезінде онкологиялық науқастардың 5 жылдан астам өмір сүру ұзақтығын 57,0%-ға дейін ұлғайту жатады.

 

 

Accessibility